С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Білім мен ғылым тілдік кедергісіз» атты дәстүрлі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция мақсаты – халықаралық ынтымақтастықты нығайту, халықаралық бағдарламалар мен жобаларға қатысу, шетелге шығу үшін гранттар мен стипендияларды алу және шетелдік серіктестермен келісім-шарттар жүргізу үшін түрлі саладағы мамандардың шет тілдерін меңгеруге ықпал ету.
Конференцияға шетелдік және қазақстандық жоғары оқу орындарының өкілдері, студенттер мен оқытушылар қатысты.
Түмен мемлекеттік мұнай-газ университетінің «Лингва» ғылыми-білім беру орталағының директоры ф.ғ.д, профессор Хабиба Шағбанова Қазақстандағы тілдердің дамуына атсалысып жатқанына жоғары баға берді. Ғалымның айтуынша шет тілдерін дамытпай, өндіріс пен экономиканы, білім мен ғылымды дамыту мүмкін емес. «С. Торайғыров атындағы ПМУ мен Түмен мемлекеттік мұнай-газ университетінің айналысып жатқан ісі ортақ. Сол себепті бүгінгі таңда мұнай-газ саласын оқыту бойынша өзара ынтымақтастықты нығайтып, серіктес болғанымыз абзал. Бірлесе отырып, жаңа инновациялық ғылыми жобаларды іске асыруымыз керек», – деді Хабиба Шағбанова.
Мұнымен қоса, Гете институтының тіл ассистенті Кристина Вольф «EXPO – 2017» халықаралық көрмесі қарсаңында Қазақстанда неміс тілін меңгерудің маңыздылығына тоқталды. Гете институты маманының айтуынша, неміс тілін кәсіби бейімділік деңгейде меңгерген студент білімін Еуроодақ елдерінде жалғастыру мүмкіндігіне ие болады.
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті білім үрдісіне шетел ғалымдарын тарту бойынша аймағымызда көш ілгері келеді. Сондай ғалымдардың бірі – өнер магистрі Гарри Лидс. Ол «English Language Fellow» бағдарламасы аясында С. Торайғыров атындағы ПМУ «Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасында қызмет атқарып келеді. Оған АҚШ Федералды үкіметінің білім беру және мәдени байланыстар Бюросының гранты берілген. Оның баяндамасы Google шолғышында ең көп қолданылатын сөздерге арналды.
Конференция барысында С. Торайғыров атындағы ПМУ халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры п.ғ.к., профессор Ақмарал Қайырбаева университеттің бағындырған халықаралық байланыстары мен жетістіктерін баяндап берді. Ал МГІ-102 тобының студенті Бахтияр Әбдіхамитов Қазақстандағы мұнай-газ саласының дамуы жайлы көптеген тың деректер келтіріп, бұл саланың болашағына бағдар жасады.