Назарбаев Университеті мен С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдарының қатысуымен «Биологиядағы іргелі зерттеулер» тақырыбында оn-line дөңгелек үстелі өтті.
Дөңгелек үстел жұмысы Назарбаев Университеті мен С. Торайғыров атындағы ПМУ ғалымдары арасындағы биология және биотехнология іргелі зерттеулер саласындағы ғылыми қарым-қатынасты нығайту мақсатын тұтты.
Онлайн кездесуді С. Торайғыров атындағы ПМУ ғылым және инновациялар департаментінің директоры т.ғ.к., доцент Нұркен Күзембаев ашып, биотехнология саласындағы зерттеулерді Павлодар мемлекеттік университетіндегі ғылыми саланың ең басты ғылыми бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Ғылыми кездесудің модераторы, а-ш.ғ.д., профессор, Агротехнология факультетінің деканы Тоқтар Бексейітов өз сөзінде оқу орданың биотехнолог ғалымдары нысанаға алған осы саладағы зерттеу жұмыстарының жаңалықтарымен бөлісті. «Бүгінде университеіміздің биотехнолог ғалымдарымен «Вируссыз картоптың микрональдық көбеюі», «Суармалы жерлерде топырақтардың құнарлылығын жаңғырту үшін биогумусты қолдану», «Жануарлар ұрығын көшіріп отырғызу», «Тағамдық биоталшықтарының полимерлік биотехнологиясы», «Отандық етті-майлы тұқымды қойларының ет өнімділігінің бәсекелестігін селекционды-технологиялық әдістерді құрастыру және енгізу жолымен жоғарлату» атты ғылыми жобалар жүргізіліп жатыр», – деді Тоқтар Кәрібайұлы.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда «2015-2017 жылғы ғылыми зерттеулердің гранттық қаржыландыру» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Назарбаев Университеті мен С. Торайғыров атындағы ПМУ ғалымдарымен бірлесіп «Сүтті бағыттағы малдардың ақуыз және липидтік алмасудың ген-кандидаттары экспрессиясын зерттеу» атты жобасын орындауда. Бұл жобаны бірлесіп орындаушы, м.ғ.д., Назарбаев университетінің өмір жөніндегі ғылыми орталығының геномдық және персоналдық медицина департаментінің директоры Айнұр Акильжанова гендік зерттеуді жасауға жетекшілік етуде.
Еске сала кетсек, Назарбаев университеті мен С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеттерінің арасында 2014 жылдың 10 маусымында Жоғары білім Көшбасшыларының Еуразиялық Форумында ғылыми-білімдік және инновациялық қарым-қатынас жөнінде Меморандум қабылданған болатын.
Кездесуде Назарбаев Университетінің биоинженерия және жасанды мүшелер орталығының аға ғылыми қызметкері, б.ғ.к. Динара Бегімбетова медицинадағы биологиялық белсенді табиғи шығарылған құрылымдарды қолдану болжамы және С. Торайғыров атындағы ПМУ биотехнология кафедрасының меңгерушісі, техн.ғ.к. Құралай Исаева геронтологиядағы тағамдық өнімнің рөлі және функционалдық мағынасы туралы баяндап берді. Мұнымен қоса б.ғ.к., Назарбаев Университетінің геномдық және персоналдық медицина департаменті орталығының жетекші ғылыми қызметкері Сәуле Рахимова ветеринариядағы ПЦР диагностикасы, техн.ғ.к., С. Торайғыров атындағы ПМУ Биотехнология кафедрасының доценті Карина Омарова өсімдік шикізатының биоконверсиясы турасында тың деректермен бөлісті.
Руфина Торпищеваның фотосы