С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің оқытушылары 2014 жылғы республикалық «ЖОО үздік оқытушысы» байқауының гранттарына ие болды.
2014 жылы 30 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Ғылым және білім министрлігінің вице-министрі Тахир Балықбаевтің төрағалығымен республикалық байқаудың «ЖОО үздік оқытушысы» атағын тағайындау жұмысының комиссия отырысы өтті. 2014 жылғы байқауға 90 жоғарғы мекеме орнынан 545 адам қатысты. Бұл комиссия жұмысының нәтижесі бойынша «ЖОО үздік оқытушысы» атағына 200 үміткер анықталды. Сол үздіктер қатарында Павлодар мемлекеттік университетінің төрт бірдей үздік оқытушылары топ жарды.
С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің биылғы жылғы «ЖОО үздік оқытушысы» республикалық байқау грантын ұтып алған үздік оқытушылары: филология ғылымдарының кандидаты, профессор, «Қазақ филология» кафедрасының оқытушысы Мухаббат Баратова, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, «География және туризм» кафедрасының оқытушысы Динара Есимова, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Математика және информатика» кафедрасының оқытушысы Василий Криворучко, география ғылымдарының кандидаты, профессор, ВАК доценті, «География және туризм» кафедрасының оқытушысы Антонина Царегородцева.
«ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын тағайындау байқау негізінде жоғары оқу орнының жоғары педагогикалық және ғылыми жетістіктері бар оқытушыларға беріледі. «ЖОО үздік оқытушысы» республикалық байқауына 39,5% ғылым докторы, 57% – ғылым кандидаты, 3,0% – PhD докторы техникалық, педагогикалық, медициналық, экономикалық, заң және басқа да ғылымдардың өкілдері қатысты. Биылғы жылғы үздіктер бәйгесіне С.Торайғыров атындағы ПМУ-дан 10 оқытушы қатысып, олардың арасынан төртеуі топ жарып, үздік деп танылды.
С.Торайғыров атындағы ПМУ «Қазақ филологиясы» кафедрасының оқытушысы, ф.ғ.к. Мухаббат Баратованың айтуынша: «Бұл байқау оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттырып, ғалымдардың тың жұмыстармен айналысуына зор мүмкіндіктер жасап отыр. Байқауға қатысқан оқытушылар кәсіби өрісі кеңіп, біліктілігі шыңдалып, және де университеттің білім беру сапасының артуына өз үлестерін қосады».
С.Торайғыров атындағы ПМУ ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректор, б.ғ.д., профессор Нұрлан Ержановтың мәлімдеуінше Павлодар мемлекеттік университеті ғалымдарының ғылыми әлеуеттілігін арттыруға барынша жағдай жасалған. «Соңғы екі жылда гранттық қаржыландыру бойынша ғылыми зерттеу жұмыстары біршама артып отыр. Ғылыми зерттеумен жоғары оқу орнының студенттері, магистранттары мен докторанттары белсенді шұғылданып келеді. Ғалымдарымыздың ғылыми еңбектері рейтінгісі жоғары шетелдік журанлдарға да жариялануда. Тағы бір маңызды қадамдардың бірі деп ҚР БҒМ «Шетелдік ғалымдар мен кеңесшілерді тарту» бағдарламасы аясында С.Торайғыров атындағы ПМУ-ға белгілі шетелдік ғалымдарды шақыртуды айтуға болады. Былтырғы жылы С.Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында әлемнің танымал әрі беделді жоғары мектептерінің 60-қа жуық ғалымдары өздерінің қысқа мерзімді бағдарламасымен келіп қайтты.
«ЖОО үздік оқытушысы» грантын иеленген оқытушы өздерінің ғылыми зерттеулерін әрі қарай кедергісіз жалғастыра алады. Өйткені, грант жеңімпаздары әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары мектептерінде тағлымдамадан өтуге және өздерінің тың ғылыми жобаларын жүзеге асыру мүмкіндігінге ие болады. Сондай-ақ, жеңімпаздар бір жыл бойына халықаралық, зерттеу еңбектерінің тақырыбы бойынша, оқу үрдісін ұйымдастыру бойынша республикалық ғылыми конференциялар, конгрестер мен семинар жұмыстарына қатыса алады. Бұл жұмыстар білім беру саласының әртүрлі мамандарымен, ғалымдарымен бірлескен жобалар жасап, кәсіби тәжірибе алмасуға себепші болады.