С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті Дайана Мажимова VI халықаралық студенттік ғылыми-практикалық «Мұнай-газ көкжиегі» («Oil and Gas Horizons») конференциясында екінші орынға ие болып келді.
Дайана Мажимова – С.Торайғыров атындағы ПМУ металлургия, машинажасау және көлік факультеті «Механика және мұнай-газ ісі» кафедрасының студенті. Ол «Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша білім алуда. Оның конференцияға ұсынған жобасының жетекшісі т.ғ.к., профессор В.В. Рындин.
Жаһанның ең үздік болашақ мұнай-газ мамандарының басын қосқан конференция Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласында И.М.Губкин атындағы мемлекеттік мұнай және газ университетінде өтті.
Конференцияның өтуіндегі мақсаты мұнай-газ индустриясының барлық салаларындағы кәсіпорындар өкілдері мен студенттер арасында тәжірибе және білім алмасу болып табылады.
Халықаралық конференцияға әлем мемлекеттерінің 150-ден аса студенттері, магистранттары мен PhD докторанттары қатысты. Румыня, Дания, Қазақстан, Үндістан, Қытай, Өзбекстан, Франция, Ресей сынды мемлекеттердің 28 жоғары оқу орындарының студенттері мұнай-газ саласының мәселелерін қамтыған өз жобаларын ұсынды.
Аталмыш конференцияда студенттер әлемдік және мемлекеттік мұнай индустриясы мәселелері мен келешегі турасындағы өзіндік көзқарастарын паш етті. Сондай-ақ, конференция жұмысында мұнай-газ өндірісінің тұрақты дамуы үшін өте маңызды қадам болып табылатын кәсіби маман дайындау және білім беру туралы мәселелер де көтерілді.
С.Торайғыров атындағы ПМУ студенті Дайана Мажимова конференция отырысындағы баяндамасында профессор В.В. Рындиннің жетекшілігімен MathCad жүйесі бойынша «Ескене-Құрық» мұнай құбырын есептеу бағдарламасының жүзеге асуы туралы тереңірек әңгімелеп берді.
Конференция жұмысы шеңберінде академиалық оқулардан өзге мұнай-газ өнеркәсіптерінің инженерлер қоғамдастығы мен студенттік ұйымдар арасындағы ынтымақтастық тақырыбына арналған дөңгелек үстел және мұнай-газ саласындағы мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздеген БРИКС саммиті өтті.
С.Торайғыров атындағы ПМУ намысын арқалап барған Дайана Мажимованың айтуынша аталмыш конференция ол үшін табысты болды.
– «Мұнай-газ көкжиегі» конференциясы студенттер мен алдыңғы қатарлы мұнай-газ компанияларының білікті мамандары үшін таптырмас пікір-алмасу алаңы. Сондықтан, конференция студенттер үшін мамандардан тәжірибе алмасып, кәсіби кеңестер алатын шеберлік мектеп деп ойлаймын, деді Дайана Мажимова.