«Ертіс – Инвест-2014» халықаралық инвестициялық форум шеңберінде Strategy Partners Group ЖАҚ президенті Александар Идрисов С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті студенттеріне өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясы және бәсекеге қабілеттілігін арттыру турасындағы дәрісін оқыды.
Ресейдің белгілі консалтингтік компаниялары бірінің басшысы Александр Идрисов Павлодар индустриалды институтының (С.Торайғыров атындағы ПМУ) түлегі.
Александр Идрисов өңір ғалымдарымен, Павлодар мемлекеттік университетінің студенттерімен кездесіп, «Стратегияны қалай іске асыруға болады?» тақырыбындағы тұсау кесерін ұсынды.
Александр Борисович өзінің дәрісі барысында экономиканың тиімді құрылымдары, қандай басымды жобаларды жүзеге асыру керектігі, қандай институттарды реформалау яки құру қажеттілігі жайында сөз қозғады. «Жұмыспен қамтылу қай деңгейде? Жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететін салаларды дамыту керек. Біріншіден қолға алатын бағыт – туризм саласы. Туризм әлемдегі экономиканың ең ауқымды секторы. Бұл туралы көбсі біле бермейді. Ал Қазақстанның туризм үшін көпті қызықтыратын орынға айналуына барлық ресурстары мен табиғи мүмкіндіктері бар», - деп туризмді дамытудың ел экономикасына тигізер пайдасына тоқталды сарапшы.
Сонымен қатар, Павлодар мемлекеттік университетінің қонағы бүгінгі күннің жаңа технологиялары қызметінің экономикаға ықпалын баяндап берді. Дәріскер мысал ретінде 3d-принтинг технологиясы шығаратын өнімнің өзіндік құнының төмендеуі мен қалдықтардың көлемін азайтуына себеп болатынын ортаға салды. Қазіргі таңда адамзат осы технология арқылы адам мүшесін басып шығару мүмкіндігіне ие болды. Ресейде қалқанша безі бойынша тәжірибе табысты жүзеге асуда. Осылайша жаңа технология арқылы донорлық мәселелердің шешілуіне жол ашылатын көрінеді.
«Біз жалпы экономика құрылымына көз салар болсақ, экономикалық негізіміз тұрақты екенін байқаймыз. Бұл бірінші кезекте өнеркәсіптік өндіріс, коммерциялық қызмет және инжинеринг. Көш соңында қалмас үшін елде болашақтың секторлары пайда болуы тиіс. Сондай-ақ, бүгінгі инвестициялардың нәтижесін біз 10-20 жылдар кейін көретінімізді түсінуіміз керек. Бүгінгі таңда біз IT технологияларды, жаңа машинажасау, денсаулық және өмір туралы барлық ғылымдарды қолдауға міндеттіміз. Бұл салаларға бүгін инвестиция салуымыз қажет. Дәл осы сәтте Қазқстанда өмір сүріп жаһандық мәселелерді шешуге қызмет ететін жаңа ұрпақты өсіруге жағдай жасаған жөн. Бұл істі бүгін қолға алмасақ, біз мәңгіге кешігіп қаламыз. Өйткені, жылына 10 млн. жұмыс орынын құрып отырған Қытай мен Үндістан біздің бар мүмкіндіктерімізден айыруы әбден мүмкін», - деді Алесандр Идрисов.