С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер арасында Ректор кубогі үшін мини футболдан жарыс өтті.
Бәске Ректор кубогі тігілген мини-футбол сайысы қатысушы спортшылардың салтанатты шеруінен бастау алды. С.Торайғыров атындағы ПМУ профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері арасындағы мини-футболшыларын басын қосқан спорттық жарысты физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің деканы ф-м.ғ.к., доцент Нұрлыбек Испулов ашты. Ол қатысушыларға жеңіс пен сәттілік тілеп, заманауи дәуірдегі салауатты өмір салтының маңыздылығын атап өтті: «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға мықтап ден қоюымыз қажет. Әрбір адам салауатты өмір салтын ұстануға, азаматтық, отансүйгіштік сынды құндылықтарды бойына сіңіруге өзі құлшынып тұрғанда ғана қоғамдағы адами құндылықтар мен спорттық белсенділік арта түседі. Сонымен бірге, дене тәрбиесі мен спорт арқылы салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы да арта түседі».
Спорттық сайыс С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің екі бірдей футбол алаңдарында мини-футболдың жеңілдетілген ережелері бойынша өтті.
Мини-футбол жарысына 50-ге жуық университет оқытушылары мен құрылымдық бөлімдердің қызметкерлері қатысты.
Табанды бәйгеде гуманитарлы-педагогикалық факультет командасы оза шауып жеңіс тұғырынан көрінді. Тартысты ойынымен көзге түскен университеттің ақпараттандыру техникалық қамтамасыз ету бөлімінің командасы екінші орынды қанжығасына байлады. Ал үшінші орынды металлургия, машинажасау және көлік факультетінің мини-футболшылары иеленді.
Жалпы ойын барысында қатысушы спортшылардың көрсеткен техникалық-әдістік және шеберліктерінің жоғары көрсеткіші ойынның кәсіби деңгейде өткеніне дәлел бола алды. Ал бастысы ойыншылар салауатты өмір салтын ұстануды қолдайтынын және спортты шын сүйетінін білдірді.
Руфина Торпищеваның фотосы