2014 жылдың 10 қазан күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «VI Ш. Шөкин оқулары» халықаралық ғылыми-техникалық конференциясы өтті.
Шапық Шөкин – көрнекті қазақ энергетигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институтының негізін салушы әрі тұңғыш басшысы.
Конференцияның модераторлық қызметін С.Торайғыров атындағы ПМУ проректоры, б.ғ.д., профессор Нұрлан Ержанов атқарды. Конференция жұмысы алдындағы бастау сөзінде Нұрлан Тельманұлы бүгінгі ғылыми шараның маңыздылығына тоқталды. «Ш. Шөкин оқулары» халықаралық ғылыми-техникалық конференциясы осымен алты жыл бойы шетелдік әрі еліміздің, өңіріміздің энергетика саласы мамандарын бір арнаға тоғыстыруда. Жыл өткен сайын конференция жұмысы өрісін кеңейтіп келеді. Осындай ғылыми кездесу аясында кәсіби ынтымақтастық пен серіктестік орын алып, көптеген ғылыми бастамаларға жол ашылатынына сенімдімін», - деп атап өтті өз сөзінде Серік Өмірбаев.
Пленарлық отырыста техн.ғ.д., профессор, Омбы мемлекеттік техникалық университетінің «Теориялық және жалпы электротехника» кафедрасының меңгерушісі Константин Никитин, техн.ғ.к., Қарағанды мемлекеттік индустриалды университетінің доценті Артем Гурушкин, техн.ғ.к., доцент, С.Торайғыров атындағы ПМУ «Электрэнергетика» кафедрасының меңгерушісі Вадим Марковский, техн.ғ.к., С.Торайғыров атындағы ПМУ доценті Евгений Приходько энергетика саласындағы өзекті мәселелерді қозғаған баяндамаларын ұсынды.
Конференцияға құрметті қонақ ретінде Энергоүнемдеу институтының басшысы Ержан Темірханов, «ҚазАзияЭкспо» ЖШС басшысы Сергей Литвинов, қалалық электр жүйелері кәсіпорынының бас инженері Сергей Кириленко, қалалық тұрғын үй электр жүйелері кәсіпорынның бас инженері Павел Морозов, «Қазақстан Алюминий» АҚ бас энергетигі Игорь Малышев шақырылды.
Конференция жұмысы барысында қонақтар мен қатысушылар назарына «Академик Ш.Шөкин – Қазақстан энергетикасының негізін қалаушы» кітап көрмесі ұсынылды.