2014 жылдың 1 қыркүйегі күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлкеттік университетінде Білім күніне орай студенттер мен магистранттар құрметіне салтанатты жиын өтті.
2014-2015 оқу жылының ашылу салтанатында С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, э.ғ.д., профессор Секрік Өмірбаев студенттер мен магистранттарды биылғы оқу жылының басталуымен құттықтап, білім мен ғылым көкжиегінде шығармашылық табыстар мен зор жетістіктерге жетуіне тілектес екенін білдірді. Серік Мәуленұлы өз сөзінде: «Бүгіннен бастап Сіздер С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті атандыңыздар. ПМУ қабырғасынан алған білімдеріңіз арқылы Қазақстанның келешегіне зор үлес қосасыздар. Себебі, Павлодар мемлекеттік университеті аймағымыздың ғана емес, еліміздегі алдыңғы қатарлы және көшбасшы жоғары оқу орындарының бірі», – деді.
Сонымен қатар, Металлургия машинажасау және көлік факультетінің деканы, т.ғ.к., профессор Төлеуғазы Тоқтағанов, Павлодар мемлекеттік университетінің белсенді студенттері – Агротехнологиялық факультеттің 3 курс студенті Сағынтай Ернұр мен биыл университет табалдырығын аттаған Сәулет құрылыс факультетінің 1 курс студенті Александар Красаев жиылғандарға жүрекжарды құттықтауларын арнады.
Салтанатты жиын С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің алдындағы Естелік аллеясында орнатылған қазақтың ақиық ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров мүсініне гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасты. Гүл шоқтарын қою құрметі Техника ғылымдарының докторы, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің көліктік техника және логистика кафедрасының профессоры Абылхан Қаракаев пен Металлургия, машинажасау және көлік факультетінің 3 курс студенті Данияр Нұрлыбекке бұйырды. Сондай-ақ, салтантты жиын барысында Қазақстан Республикасы Конституциясы және Білім күніне арналған дәріс оқылды. Дәрісті з.ғ.к., доцент Болат Олжабайев оқыды.
ПМУ-дағы Білім күніне арналған мерекенің аясында әрбір факультет басшылығы ұйымдастыру жиналыстарын өткізді.