2014 жылдың 24 сәуірінде С. Торайғыров ат. ПМУ-да театр және кино өнерінің майталмандары, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Әлімғазы Райымбеков пен Меруерт Өтекешовамен кездесу өтті.
Айтулы кездесу дара да дарынды жерлесіміз, қазақ кино өнерінің атасы, белгілі режиссер, талантты актер Шәкен Аймановтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған шаралар шеңберінде өтті.
Кездесуге С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры - Ақышев Арман Айтмұхаметұлы, Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.к., профессор Зейнуллина Айман Файзоллақызы, Гуманитарлық педагогикалық факультеттің деканы Сарбалаев Жақсыбай Тұрсынұлы, және ЖОО студенттері белсене атсалысты. Өнер майданында тынбай еңбек еткен, есімдері мәңгілік жұртшылық арасында жатталатын Әлімғазы атамыз бен Меруерт апамыз студенттерге деген жүрекжарды лебіздерін білдіре келе, өздерінің шығармашылығымен ой бөлісті.
Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі ф.ғ.к., профессор Зейнуллина Айман Файзоллақызы кештің барысымен студенттерді қанық етті. Сонымен қатар, Гуманитарлық педагогикалық факультеттің деканы Жақсыбай Тұрсынұлы қонақтарға зор ықыласын білдірді. Кездесудің студенттер санасына құйған өзектілігі қызықты сұрақтарға ұласты. Журналистика кафердрасының 2-курс студенті Назгүл Рабилова қонақтарға алғысын білдіре отыра, қызығы мен қиындығы қатар жүретін өнер жолының құпияларын сұраса, осы кафедраның 1 курс студенті Мереке Амантай жастардың білімін, біліктілігін зерделейтін, киелі қара шаңырағында үлгі тұтар униерситетіне арнайы келген аға-апаларына тағзым етіп,тек кино саласында емес, сонымен қатар, жеке өмірлері жайында сұрақтар қойды. Кездесудің соңы ізгі тілектерге ұласты.
Өнер атты ұлы көште халқының ойынан шығып, өз қолтаңбасын қалдырған өнердің қырандары Әлімғазы атамыз бен Меруерт апамызға ұзақ ғұмыр тілейміз!