2014 жылдың 24 сәуір күні С.Торайғыров ат. ПМУ «Аймақ дамуының стратегиялық жоспарлануы. Тәжірибе. Заманауи тенденциялар. Келешекке сенімді үміт» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік форумына онлайн режимінде қатысты.
Форумның басты мақсаты: халықаралық интеграциялық үрдістерінің ықпалымен қалыптасып жатқан әрі қоғамның мүддесіне негізделген аймақтың қарқынды даму стратегияларын жасау жолдарын анықтау.
Форум жұмысына Австрия, Италия, Венгрия, Украина, Грекия, Жапония мемлекеттерінің ғылыми ұйымдары мен білім беру мекемелері және Ресей Федерациясының министрліктері мен ведомстволары, шағын және орта бизнес кәсіпкерлері, банк, консалтинг саласының мамандары, Липецк облысы мен Липецк қаласының департаменттері мен басқарма әкімшілігі қатысты.
Форум қатысушылары аймақтың даму стратегиясы ісіндегі тәжірибесімен бөлісті, экономикадағы даму институттарының орны мен мәні, өңірлік инновациялық жүйедегі инфрақұрылымдардың қажетті факторлары, аймақтарға инвестиция салу және инвестициялық климаттың өркендеу мүмкіндігі, белгілері мен жағдайы, аймақаралық және халықаралық академиялық ұтқырлық, білім алудың, ғылым мен кәсіпкерліктің халықаралық интеграциялануы сияқты өзекті тақырыптарды талқыға салды.
Форум Липецк қаласының әкімшілігі, РФ Үкіметі жанындағы Липецк Қаржы университетінің филиалының (Мәскеу қ.) ұйымдастыруымен өтті.
С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаев «Ел экономикасының нық даму факторы ретінде аймақтардың дамуы» баяндамасын ұсынды.
«Аймақтар дамуы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Павлодар мемлекеттік университеті ғалымдары «Павлодар облысының 2020 жылға дейінгі индустриалдық-инновациялық даму стратегиясы» жобасын жасады. Аталмыш стратегияны жүзеге асыру мақсатында аймағымыздың экономикасының диверсификациялауы мен дамуына бағытталған қадамдарды іске асыруға жол ашады. Бұл жемісті еңбек ҚР Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қуатты аймақтар – қуатты ел» идеясына сәйке іске асуда, - деп мәлімдеді Серік Мәуленұлы.