2014 жылдың 28 ақпанында С.Торайғыров ат. ПМУ-да Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің 85 жылдық мерейтойына арналған «Аймақты ақпаратпен қамтудағы «Сарыарқа самалы» газетінің рөлі» атты республикалық ғылыми-практикалық семинар өтті.
Семинар жұмысына С.Торайғыров атындағы ПМУ басшылығы, Қазақстан Журналистер Академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев, ҚР Президенті Алматы қалалық баспасөз қызметінің жетекшісі Валерий Жандаулетов (Алматы), республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, республикалық «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат, «Айбын» республикалық әскери журналының бас редакторы Сағидолла Көшімбаев, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы Асыл Әбіш, «Шығыс ақпарат» медиа холдингінің директоры Нұржан Қуантай (Өскемен), Байғамұт муниципалдық орта мектебінің директоры, Титов атындағы сыйлық иегері, Ресей журналистер одағының мүшесі, Сапарбек Маусымбаев (Алтай өңірі), т.ғ.д., профессор, Журналистика кафедрасының меңгерушісі Қырықбай Алдабергенов.
Бас қосуда Сағымбай Қозымбаев, Валерий Жандаулетов, Қырықбай Алдабергенов, Сапарбек Маусымбаев сынды белгілі де белді қоғам қайраткерлері «Сарыарқа самалы» газетінің 85 жылдық ғұмырлық қызметі, алған асулары мен бағындырған белестері хақында сөз өрбітті.
Қырықбай Мазанұлы өз сөзінде: «Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің 85 жылдық қызмет ету жылдарында аймақтағы көптеген мәселелерді қозғап, халық пен билік арасын байланыстыра білген басылым болды», - деп өңіріміздегі бас газеттің қызметіне оң бағасын берді.
Мұнымен қоса, Қазақ баспасөзінің майталман журналистері Нұртөре Жүсіп, Серік Жанболат, Сағидолла Көшімбаев, Нұржан Қуантай қаламын енді ұштап жүрген жас журналист мамандарға шеберлік сыныбын ұйымдастырды.
Аталмыш шара дөңгелек үстел жұмысымен жалғасты. Дөңгелек үстел барысында С.Торайғыров атындағы ПМУ ғалымдары Ж.И. Мананбаев, Қ.Н. Қанапьянов, Ж.Б. Ибраева, Қ.С. Искаков, М.А. Ибраев қазақ журналистикасының даму жолдарындағы аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін саралап, аймақтық БАҚ мәселелерін ортаға салды.