2014 жылдың 21 ақпан күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері «Мәңгілік Ел» республикалық жастар қозғалысына бірікті.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қазақстандықтарға арнаған «Қазақстан – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында атап өткен «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қолдау жөнінде С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттері өңірлік жоғары оқу орындардың белсенділерінің басын қосқан республикалық форумда жария еткен болатын.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Арын Орсариев форум жұмысын ашу рәсімі барысында өркендеген Қазақстанды қалыптастыру – барша қазақстандықтардың ортақ мүддесі екенін жеткізе отырып, студенттерді осы игі істі жүзеге асыру үшін бірігуге шақырды.
Форум шеңберінде қатысушылар Ұлт Көшбасшысы бастаған «Мәңгілік Ел» идеясының мәні мен басымдықтарына байланысты өз көзқарастарын жеткізуге мүмкіндік алды.
Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі т.ғ.к., доцент Қайрат Батталов жиылған көпшілік алдында: «Мәңгілік Ел» – бұл өте мығым ұлттық идея, қазақстандық халық құндылықтарының басты жүйесі, ұлттық дүниетанымды қалыптастыру идеясы», - деп қада айтты.
«Белорусь» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Любовь Богнат өз баяндамасында ұлттық бірлік, қоғамдағы ынтымақ пен келісім мәселелеріне тоқталды. «Бәрімізге ортақ тағдырдың барын сезіну және түсіну өте маңызды. Өйткені, Қазақстан бәрімізге ортақ мекен», - деп мәлімдеді өз сөзінде.
«Жас Отан» жастар қанаты белсенділерінің бірі Елена Гаркава «Қазақстан–2050» – біздің өмірлік бағыт» атты баяндамасын ұсынды. Баяндамашы «Мәңгілік Ел» идеясы барша қазақстандықтардың басын қосады және елдің жас өрендерінің биік белестерді бағындыруына серпін болатынына сенім білдірді.
Форум қатысушыларының баяндамалары ортасында павлодарлық эстрада жұлдыздарының орындауындағы әуезді әндер жиылған қауымның көңілін көтерді. Мұнымен қоса, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Студенттік филармониясы өздерінің таңдамалы өнер туындыларымен өнер сүйер жандардың құлақ құрышын қандырды.