2014 жылдың 11 ақпаны күні С.Торайғыров ат. ПМУ-ға Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын түсіндіру мақсатында ақпараттық-насихат топ мүшелері келді.
2014 жылдың 11 ақпаны күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне мемлекеттің маңызды стратегиялық құжаты – Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын түсіндіру мақсатында ақпараттық-насихат топ мүшелері Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты Владимир Бобров, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрам Пшембаев, облыстық маслихаттың хатшысы Марат Кубенов келді.
Ақпараттық-насихат тобымен кездесуге С.Торайғыров атындағы ПМУ басшылығы, факультет декандары, құрылымдық бөлімдердің жетекшілері, магистранттар мен студенттер қатысты.
Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаев өз сөзінде: «С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ұжымы Елбасының биылғы Жолдауын ерекше шабытпен қабылдады. Бүгінгі күні біздің жоғары оқу орнында Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың жоғары мектептерді модернизациялау бағытындағы белгілеген мақсаттарын жүзеге асыру алғышарттары бар деп сеніммен айта аламын», - деді.
Жалпы, университет басшылығы , профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттік жастар өздерін мазалап жүрген өзекті сауалдарына депутаттардан жауап алды.
Мұнымен қоса, ақпараттық-насихат тобының мүшелері мемлекет Басшысының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауының маңызды басымдықтарын түсіндіре келе, ЖОО-ның өркендеп, дамуы үшін жан-жақты қолдауға дайын екендіктерін жеткізді.
Өз кезегінде, Қазақстан Республикасының Парламент Сенатының депутаты Владимир Бобров өз баяндамасында: «Мемлекетіміздің жарқын болашағы мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының кепілі – білім екені даусыз», - деп ел болашағын тікелей білім беру ісімен байланыстырды.