2014 жылдың 8-9 қаңтар күндері С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың республикалық олимпиадасының облыстық кезеңі өткізілді.
Облыстық олимпиаданы ПМУ қабырғасында ұйымдастыру мен өткізу ізгі дәстүрге айналған. Облыстық кезеңнен өткендер Павлодар өңірінің намысын республикалық деңгейде қорғайды. Олимпиадаға қатысушылар - аймағымыздың бетке ұстар ұрпағы, еліміздің болашағы.
Дарынды жастарды қолдау ретінде ПМУ әкімшілігі облыстық олимпиада жеңімпаздарына арнайы гранттар бөлді. Математика, физика, химия, биология және Қазақстан тарихы пәндері бойынша бірінші орын алғандарға бес грант тағайындалды.
Университеттің Ғылым кеңесінің шешімі бойынша тағайындалған гранттарды оқу жұмысы жөніндегі проректор, п.ғ.д. Н.Э.Пфейфер ұсынды. Құттықтау сөзінде Нелли Эмилевна осындай білім сайыстарына қатысып, жан-жақты дамыған білімді, мәдениетті, отаншыл ұрпақ болып жас жеңімпаздарымыз елімізді Президентіміздің ұлттық жобасы бойынша ұсынған интеллектуалдық ұлттың қалыптасуына себепші болады деп айтқан болатын. Сонымен қоса, Н.Э.Пфейфер ПМУ әкімшілігі болашақ республикалық олимпиаданың жеңімпаздарына да қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
ПМУ-дың арнайы грант иегерлері: физика пәнінен олимпиада жүлдегері, «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің оқушысы - Марат Абубакир, химия пәнінен олимпиада жүлдегері, Дарынды ер балаларға арналған облыстық қазақ-түрік лицей-интернатының оқушысы -Тлеуханов Мұрат, математика пәнінен олимпиада жүлдегері, Дарынды балаларға арналған Абай атындағы № 10 лицей- мектебінің оқушысы - Қабиденов Ануар, Қазақстан тарихы пәнінен олимпиада жүлдегері, Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық гимназия-интернатының оқушысы -Қайырбаева Нәзгүл, биология пәнінен олимпиада жүлдегері, Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық гимназия-интернатының оқушысы - Болатов Айдос.