С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде студенттік ректораттың бастамасымен ПМУ әкімшілігі Агротехнология факультетінің 1 курс студенттерімен этика және эстетика тақырыбы бойынша кездесу өткізді.
Кездесуге университет басшысы ғана емес, ПМУ-дың Дамыту стратегиясы бойынша және тәрбие мен әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, с.ғ.д., профессор Арман Әкішев, Тәрбие жұмысы мен әлеуметтік мәселелер бойынша департаментінің директоры Қайрат Әшенов қатысты.
Сонымен қатар, кездесуге университет қызметкерлері, белсенді студенттер және 1 курс топтарының эдвайзерлері қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – студенттік жастардың санасында патриоттық сезімді, өз университетіне және ұстаздарға деген сый құрметін нығайту, студенттер санасында мәдени түйсікті қалыптастыру болды.
Еркін сұхбаттасу кезінде студенттердің жоғарғы оқу орнында өзін-өзі ұстау ережелері, үлкендермен қарым-қатынастар, жалпы айтқанда, мәдениеттілік сынды мәселелер көтерілді. Студенттік өмірдің мәні неде жатқанын, университет қабырғасында уақытты қалай тиімді өткізуді әңгімеге арқау етті.
«Бар әлемде, ерте заманнан бері қоғамның дамуына жоғары мектептердің үлесі зор болған. Жарты ғасырға жуық бойы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті осы бір игі міндетін атқарып келеді. Павлодар өлкесіндегі алғашқы, ірі жоғары оқу орны көп жылдар бойы ғылым мен білім беру ісіне өз өмірлерін арнаған мыңдаған жандардың ерен еңбектері арқылы қаланды», – деді Серік Мәуленұлы өз сөзінде.
Сұхбаттасу барысында студенттер қауымынан әр түрлі сұрақтар қойылды, олар өз ой пікірлерін білдірді, ұсыныстарын айтты. Кездесу соңында өткізілген іс-шараның маңыздылығы айтылып, қорытындысы жасалды.