2013 жылдың 30 қазанында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Қазақстан халқының ұлттық бірлігі мен қоғамдық келісімі: тұжырымды негіздер, қамтамасыз ету тетіктері мен институттары» тақырыбындағы аймақтық семинар-кеңес өтті.
Іс-шараның мақсаты – Қазақстан халқының ұлттық бірлігін мен қоғамдық келісімін зерттеудегі өзекті мәселелерді талқылау.
Аталмыш семинар-кеңеске М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Оңдасын Әшімов, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, э.ғ.д., профессор Әлібек Қуандықов, Павлодар облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Бауыржан Қапенов, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Сейсембай Жетпісбаев, облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы басшысының м.а. Мейіржан Жанұзақов қатысты.
Сонымен қатар, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті Халықаралық қатынас және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Бақыт Атантаева, ф.ғ.к., Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті Философия мен адамның даму проблемалары кафедрасының доценті Бақытгүл Мамықанова, облыстық Дін істері департаментінің директоры Ержан Рақымжанов, т.ғ.к., Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты Қазақстан және шетел тарихы кафедрасының доценті Әсел Аманова семинар-кеңестің құрметті қонақтары болып табылды.
Семинар-кеңесте этноконфессиялық саясаттың студенттік ортасында жүзеге асыруы, өскелең ұрпақтың полиэтникалық мәдениетін тәрбиелеу, Қазақстандағы ұлтаралық қатынастар саласын реттейтiн мемлекеттік саясаттың негіздері сынды мәселелер қарастырылды.
Семинардың қорытындысы ретінде ұсыныстар енгізіліп, қатысушылар Қазақстан халқының ұлттық бірлігі мен қоғамдық келісімі жөніндегі өзекті мәселелер бойынша шешім шығарды.