2013 жылдың қыркүйек айының 1-жұлдызы күні С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Білім күніне арналған салтанатты жиын өтті. Жиынға ПМУ-дың студенттері, профессорлық-оқытушылар құрамы, қызметкерлері және педагогикалық еңбек ардагерлері қатысты.
Биыл 1700 талапкер С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттер қатарына қабылданды, олардың ішінде 9 адам – «Алтын Белгі» иегері. Қабылданған түлектер саны бойынша ПМУ еліміздегі 12 ЖОО-ның қатарынан бой түзеді.
Аталмыш іс-шара С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаевтың құттықтау сөзімен ашылды. «Бүгіннен бастап Сіздер С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті атандыңыздар. ПМУ қабырғасынан алған білімдеріңіз арқылы Қазақстанның келешегіне зор үлес қосасыздар. Себебі, Павлодар мемлекеттік университеті аймағымыздың ғана емес, еліміздегі алдыңғы қатарлы және көшбасшы жоғары оқу орыны», – деді Серік Мәуленұлы.
Сонымен қатар, Металлургия машинажасау және көлік факультетінің деканы, т.ғ.к., профессор Төлеуғазы Тоқтағанов, Тарих және құқық факультетінің деканы, с.ғ.д. Әмірғалы Бегімтаев өз құттықтау сөздерін жиналған қауымның назарына ұсынды.
Салтанатты жиын С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың алдындағы Естелік аллеясында орнатылған қазақтың ақиық ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров мүсініне гүл шоқтарын қою рәсімімен, студенттік филармония үздік орындаушыларының өз өнерлерін көрсетуімен және де «Гаудеамус» студенттік әнұран орындауымен өз жалғасын тапты.
ПМУ-дағы Білім күніне арналған мерекесінің аясында әрбір факультет басшылығы ұйымдастыру жиналыстарын өткізді, «Қазақстан-2050: бір халық, бір ел, бір тағдыр»» атты актік дәріс оқылды.