2013 жылдың 5 – 27 сәуір аралығында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Факультеттердің ашық есік күні» өтуде.
«Факультеттердің ашық есік күні» университет қабырғасында ерекше мереке ретінде саналады. Оқу ордасының студенттері қонақтарға факультеттерінің тыныс тіршілігімен, табыстары мен жетістіктерімен таныстыруды мақсат тұтты.
Кәсіптік біліктілік – сапалы біліммен, білікті мамандардың тәжірибесі арқылы жететін білім және еңбек жолы. Сондықтан, факультет мамандары кәсіптік білімнің деңгейлі білім алу мүмкіндіктері туралы мектеп оқушыларына, ата-аналарға, ұстаздарға ақпарат, кәсіби кеңес берді.
Шара аясында кәсіптік бағдар беру құралдары: кітапшалар, кәсіптік білім алушыларға ақпараттық брошюралар, кітап көрмесі және әр мамандықтардың ұсынған шеберлік сыныбы ұсынылды.
Факультет тынысын айғақтай түсу әрі мектеп оқушыларының болашақта мамандық таңдау сынды қиын істе көмектесу мақсатында спорттық ойындар, шығармашылық қойылымдар, қайырымдылық іс-шаралар, байқаулар өтті.
Бұл шара С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері мен оқытушылары арасында бірлік рухын сыйлайтын игі дәстүрге айналғаны сөзсіз. «Ашық есік күндерін» Энергетикалық, Гуманитарлық-педагогикалық, Қаржы-экономикалық, Сәулет- құрылыс, Металлургия, машинажасау және транспорт, Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультеті өткізді.
Ал, мектеп оқушылары мен ұстаздар алдында факультеттің ғылыми-зерттеу жұмыстары, оқу ордамызда даярланатын мамандықтар жайында факультет декандары нақты толыққанды ақпарат берді.
Қонақтарды Студенттік филармония мен университеттің шығармашылық ұйымдары музыкалық қойылымдар мен әдемі әнге бөледі.
«Ашық есік күндеріне» жиылған қонақ құнды ақпарат пен кеңестер үшін факультет жетекшілеріне алғыстарын білдіріп, көтеріңкі көңіл күймен қайтты.