2013 жылдың 16 ақпанында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде бакалаврлық білім беруге арналған бағдарламалардың академиялық саралау белгілері мен көрсеткіштерін анықтау мақсатымен ұйымдастырылған арнайы ғылыми семинар декандар мен кафедралар меңгерушілерінің қатысуымен өтті.

Семинарды ашқан С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің бірінші проректоры – стратегиялық жоспарлау, әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор, б.ғ.д., профессор Жасұлан Шаймарданов бакалаврлық білім беру бағдарламаларының 2012 жылы Жалпы рейтингке қатысуы нәтижелерін атап өтіп, ПМУ Қазақстан бойынша өткен рейтингте көп салалы университеттер арасында үздіктердің қатарынан көрініп, бесінші орын алғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар, аталмыш іс-шараның барысында білім сапасы менеджменті мен бағалау және стратегиялық жоспарлау бөлім меңгерушісі Любовь Головерина жиналған қауымға 2013 жылы бакалаврлық білім беру бағдарламаларының академиялық саралау белгілері мен көрсеткіштерін таныстырып өтті.

Любовь Тимофеевнаның айтуы бойынша, биыл аталмыш рейтингке қатысу үшін С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті материалдық ресурстардың жеткілікті болуы, академиялық ұтқырлық бағдарламасының алдағы жүзеге асырылуы және де озық ғылыми зерттеулерді өткізуі секілді көрсеткіштеріне аса жоғары назар аударуда.

2013 жылы жалпы Қазақстан бойынша ең үздік жоғары оқу орындары саралануының қорытындысы сәуір айында белгілі болады.