Торайғыров университетінің Басқарма төрағасы — ректор Нұрлан Медетов бастаған делегация Әзербайжанның Мемлекеттік мұнай және өнеркәсіп университетіне (ASOIU) жұмыс сапарымен барды.



Сапар аясында ASOIU ректоры Руфат Азизовпен кездесу өтті. Кездесудің негізгі нәтижесі — ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашатын Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою болды.



Тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын дамыту, академиялық ұтқырлықты арттыру, тұрақты даму саласындағы тәжірибе алмасу, сондай-ақ ғылыми-зерттеу бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту жөнінде келісімге келді.



Бірлескен зерттеулерге де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, химиялық технология және мұнай-химия, полимерлік, композициялық және геополимерлік құрылыс материалдары, өнеркәсіптік экология және қалдықтарды қайта өңдеу бағыттарында зерттеулер жүргізу жоспарлануда.



Сапар бағдарламасының маңызды бөлігі — ASOIU базасында жұмыс істейтін Француз-Әзербайжан университетіне (UFAZ) бару болды. TOU делегациясын UFAZ атқарушы директоры Вазех Аскеров қарсы алды.



Қонақтарға университеттің заманауи зертханалық және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы таныстырылды. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын айқындады. Олардың қатарында бірлескен зертханалық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ TOU оқытушылары мен білім алушылары үшін ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыру бар.



Халықаралық әріптестік, бірлескен зерттеулер және академиялық ұтқырлық — TOU дамуының және студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырудың маңызды бағыттары.