Торайғыров университетінде «Жастар аудиториясымен тиімді коммуникация орнату үшін дін қызметкерлерінің медиасауаттылығы мен блогерлік мәдениетін қалыптастыру» атты біліктілікті арттыру курсы өтуде.

 

Оқыту ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Қазіргі Қазақстандағы қоғамдық сананы жаңғырту жағдайында жастардың мәдени толеранттылығы мен діни сауаттылығын арттыру» жобасын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Курс офлайн және онлайн форматта өткізіледі.

 

Курсқа Павлодар облысында тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері, діни-ағартушылық ұйымдардың басшылары мен қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ дін мәселелері жөніндегі өңірлік ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері қатысуда.

 

Бағдарлама медиасауаттылықты арттыруға және блог жүргізудің практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған. Курс барысында қатысушылар әлеуметтік желілермен жұмыс істеу ерекшеліктерін, жастар аудиториясымен тиімді коммуникация орнату тәсілдерін, ақпараттық контент әзірлеу және тарату жолдарын, сондай-ақ цифрлық ортадағы жауапты мінез-құлық мәселелерін меңгереді.

 

Сабақтарды Торайғыров университетінің оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері, басқа да білім беру ұйымдарының өкілдері, журналистер және медиакоммуникациялар саласының мамандары жүргізеді.

 

— Торайғыров университетінде өткен екі күндік семинар өте мазмұнды әрі пайдалы болды. Семинар барысында кәсіби қызметімізге қажетті көптеген құнды ақпарат алып, жаңа дүниелерді үйрендік, — деп бөлісті Павлодар қаласындағы «Ғазиз» мешітінің бас имамы Асқар Қуаныш.

 

Оқу қорытындысы бойынша тыңдаушыларға белгіленген үлгідегі біліктілікті арттыру сертификаты беріледі.

 

Курсты өткізу қатысушылардың заманауи медиакоммуникациялар саласындағы дағдыларын жетілдіруге және цифрлық ортада жастар аудиториясымен тиімді өзара іс-қимыл жасауға қажетті жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.