Торайғыров университетінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай «Рәміздер рухы – Конституция күші» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.



Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында мемлекеттік рәміздердің маңызын кеңінен насихаттау, конституциялық құндылықтарды дәріптеу және азаматтық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.

 


Дөңгелек үстел барысында қатысушылар мемлекеттік рәміздердің ұлттық бірегейлікті нығайтудағы, қоғамдық келісім мен ел бірлігін сақтаудағы орнына тоқталып, Конституцияның құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамды дамытудағы рөлін жан-жақты талқылады.



Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Ақышев Арман Айтмұхаметұлы, Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Каскабасова Алтынгүл Абаевна, Философия және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының қауымдастырылған профессоры Серікбаева Айжан Темірболатқызы және Торайғыров университетінің 3 курс студенті, студенттік сенатор Сүндет Динара Айтбайқызы спикер ретінде қатысты.



Кездесу барысында баяндамашылар мемлекеттік рәміздердің тарихи, мәдени және рухани мәніне тоқталып, Конституцияның заң үстемдігін қамтамасыз етудегі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, патриоттық құндылықтарды нығайту және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру мәселелері бойынша мазмұнды пікір алмасу өтті.



Дөңгелек үстел қатысушылар үшін өзекті мәселелерді талқылауға, тәжірибе алмасуға және қоғамдық маңызы бар құндылықтар төңірегінде ашық диалог құруға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.