Қазақстанда алғаш рет Алтын Орда тарихына қатысты халықаралық архив құжаттары көпшілік назарына ұсынылды. Ғылыми симпозиум барысында тарихшылар мен зерттеушілер ортағасырлық кезеңді зерттеудегі жаңа деректер мен тың көзқарастарды талқылады.

 

 

Пленарлық отырыста Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алтын Орда тарихын зерделеу ұлттық тарихи сананы терең түсінуге жол ашатынын атап өтті. Сонымен қатар бұл кезең Еуразия кеңістігіндегі мәдени, сауда және өркениеттік байланыстардың дамуына ықпал еткен маңызды тарихи дәуір екеніне тоқталды.

 

 

Халықаралық симпозиумға 20-дан астам мемлекеттен келген 300-ден аса ғалым, сарапшы, дипломат, халықаралық ұйымдар мен мәдени орта өкілдері қатысты. Бағдарлама аясында ЮНЕСКО өкілдері мен академиялық қауымдастық мүшелері қатысқан пленарлық отырыс өткізіліп, жеті тақырыптық секция жұмысы ұйымдастырылды.

 

 

Аталған ғылыми бастама Торайғыров университеті үшін де ерекше маңызға ие. Себебі тарихи мұраны жүйелі зерттеу жас ғалымдардың ғылыми ізденісін дамытуға, ұлттық тарихқа қатысты зерттеулердің сапасын арттыруға және халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.