Торайғыров университетінде «Жаңа Конституция – жаңа буын» тақырыбында мазмұнды оқыту тренингі ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшылығы, құқық қорғау органдарының өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қатысты.
Университет Басқарма төрағасы – ректор Нұрлан Медетов алғы сөзінде оқу орнының үшінші миссиясының мән-маңызын айқындап, қоғаммен өзара ықпалдастықты нығайтудағы мұндай кездесулердің рөлін атап өтті.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы Динара Тәженова өз баяндамасында жаңартылған Конституциядағы адам құқықтарының негізгі қағидаттарына тоқталып, олардың қоғамдық өмірдегі маңызын жан-жақты түсіндірді. Ол жастарға құқықтық мәдениетті қалыптастырудың қажеттілігін ерекше атап өтіп, әрбір азамат өз құқықтарын ғана емес, сонымен қатар өз міндеттерін де терең түсінуі тиіс екенін жеткізді.
Павлодар облысы прокурорының орынбасары, әділеттің аға кеңесшісі Азамат Ермаханов өз сөзінде жастар арасында құқықтық сананы арттырудың өзектілігіне назар аударды. Ол қоғамдағы тәртіп пен заңдылықтың сақталуы ел болашағының кепілі екенін айта келе, заң талаптарын құрметтеу – өркениетті қоғамның басты белгісі екенін атап өтті.
Сондай-ақ Экономика және құқық факультетінің деканы, құқық ғылымдарының кандидаты Юрий Колесников өз баяндамасында жастар арасындағы құқық бұзушылықтың өзгеріп жатқан сипатына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда жастар қылмысының құрылымы сапалық тұрғыдан өзгеруде: дропперлік, цифрлық есірткі саудасы, кибералаяқтық сияқты жаңа қауіптер пайда болып, олар құқықтық тұрғыдан жаңаша түсіндіруді талап етеді. Осыған байланысты ол қылмыстық саясатта тек жазалау емес, қалпына келтіру, медиация және қайта әлеуметтендіру тетіктерін күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Мұндай тәсілдер тек ізгілендірілген ғана емес, сонымен қатар қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуда әлдеқайда тиімді екенін жеткізді.
Іс-шара барысында қатысушылар құқықтық сауаттылықты арттыру, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру және Конституциялық құндылықтарды дәріптеу мәселелері төңірегінде пікір алмасты. Тренинг өзара ашық диалог форматында өтіп, тыңдаушылар үшін маңызды әрі танымдық алаңға айналды







