Торайғыров университетінде цифрлық Наурызнама декадасының аясында Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Экономика және құқық факультеті ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бірқатар мерекелік іс-шаралар ұйымдастырды.
Мерекелік күн факультет ұжымының жылы әрі қонақжай қарсы алуымен басталды. Факультет ұжымы әріптестері мен білім алушыларды дәстүрлі дәм – бауырсақ және Наурыз мерекесінің басты тағамы саналатын наурыз көжемен қарсы алды. Қонақтар ұлттық дәстүрге деген құрмет пен бірлікке негізделген ерекше мерекелік атмосфераны сезінді.
Іс-шаралар аясында «Құқықтану» кафедрасы «Билер соты» тақырыбында ашық эдвайзерлік сағат өткізді. Кездесу барысында студенттерге қазақ қоғамындағы дәстүрлі құқықтық жүйеде билер институтының алатын орны, олардың әділдікке негізделген шешімдері мен қоғамдық өмірдегі рөлі туралы кеңінен баяндалды.
Мерекелік бағдарлама аясында «Баурсак party» атты шығармашылық байқау ұйымдастырылды. Байқау шарты бойынша университеттің барлық факультеттері ұлттық тағамдар ұсынылған мерекелік дастарқан дайындап, бауырсақты ерекше безендіру және оны таныстыру шеберлігін көрсетті. Қатысушылар ұлттық тағамдарды ұсынуда шығармашылық көзқарас пен эстетикалық талғамдарын танытты.
Бағдарламаның мазмұнын байыта түскен ерекше көріністердің бірі – «Қаржы және есеп» кафедрасы ұсынған қазақ халқының салты беташар рәсімінің сахналық көрсетілімі болды. Рәсім барысында келіннің күйеу жігіттің әулетімен таныстырылуы және жаңа отбасыға берілетін ақ батаның мәні көрініс тапты. Сонымен қатар университет қызметкерлеріне қазақ халқының тағылымды дәстүрлерінің бірі – келін шай рәсімі таныстырылды.
Іс-шара соңында Экономика және құқық факультеті Наурызнама мерекелік эстафетасын Жаратылыстану ғылымдары факультеті ұжымына табыстады. Аталмыш танымдық шара ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрлердің маңызын дәріптеуге, сондай-ақ университет қауымдастығы арасында рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталаны сөзсіз. Келе жатқан Наурыз құтты болсын!








