Торайғыров университеті «Филология және журналистика» кафедрасы халықаралық журналистер форумын ұйымдастырды. Іс-шара заманауи журналистиканың өзекті мәселелерін, кәсіби стандарттарды және цифрландыру жағдайында медиа саласының трансформациясын талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Форум журналистика мен медиа саласына қызығушылық танытатын мектеп оқушылары мен студенттерге бағытталды. Қатысушылар сала мамандарының практикалық тәжірибесімен танысып, медиа индустриясының қазіргі даму үрдістері мен еңбек нарығының талаптары туралы мағлұмат алды.
Форум жұмысына медиа қауымдастық пен академиялық ортаның өкілдері қатысты. Спикерлер қатарында «Ertis MEDIA» ЖШС медиахолдингінің жетекшісі Руслан Билялов, Павлодар облыстық Журналистер одағы филиалының төрағасы Болат Аманбай, S. Amanzholov East Kazakhstan University қауымдастырылған профессоры Татьяна Галкина, American University of Central Asia оқытушысы Жазгүл Ибраимова, «Jebe» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Данияр Жұмаділов, «Витязь» журналистік зерттеулер агенттігінің редакторы Алексей Божков, журналист-фрилансер Индира Какимова болды.
Сонымен қатар, Душанбеден келген жасанды интеллект сауаттылығы жөніндегі маман Рустам Гулов редакция жұмысында Notebook LM және Google AI Studio құралдарын қолдану мүмкіндіктері туралы баяндады. «Луч» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Даулет Даирбаев кәсіби қалыптасу тәжірибесімен бөлісіп, мамандық таңдаудың маңыздылығы туралы айтты.
Форум аясында мектеп оқушылары арасында журналистика мен медиа саласына арналған эссе байқауы ұйымдастырылды. Байқау қорытындысы бойынша үздік қатысушылар іс-шараның соңында салтанатты түрде марапатталды.
Форум студенттер, мектеп оқушылары, оқытушылар мен медиа қауымдастық өкілдері арасындағы кәсіби диалогты дамытуға, журналистік білім беруді насихаттауға және университеттің өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысын нығайтуға ықпал етті.








