Торайғыров университетінің Ә.Х. Марғұлан атындағы Біріккен археологиялық ғылыми-зерттеу орталығы ресейлік әріптестермен халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту алаңына айналды.



Ертіс өзені бойының геологиялық және ландшафтық ерекшеліктерінің қалыптасуына әсер еткен табиғи-климаттық үдерістерді зерттеу мақсатында зерттеулер орталығына Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің Түмен ғылыми орталығының Жер криосферасы институты палеокриология және тарихи геоэкология зертханасының жетекші ғылыми қызметкері, география ғылымдарының кандидаты Артём Якимов (Түмен қ.) келді.



ҚР ҒЖБМ № АР26199457 «Қазақстандық Ертіс өзені бойының кейінгі қола дәуірі» жобасын іске асыру аясында Борлы көлінің түптік шөгінділерінен олардың морфологиялық құрылымы мен химиялық құрамын зерттеу үшін сынамалар алынды. Зерттеулер Кулундин жазығының батыс бөлігінде соңғы голоцен кезеңінде (соңғы бес мың жыл) шөгінді жиналу үдерістерін қайта қалпына келтіруге бағытталған.



Сонымен қатар гидрохимиялық талдау жүргізу үшін су сынамалары алынды. Бұл көл суларының тұздылық динамикасын және химиялық құрамының өзгерістерін, сондай-ақ олардың түптік шөгінділердің қалыптасуына әсерін анықтауға мүмкіндік береді.



Қазақстандық және ресейлік ғалымдардың бірлескен жұмысы өңірдің табиғи ортасы мен ежелгі қауымдастықтарын кешенді зерттеуге, сондай-ақ Орталық Азия археологиясы мен палеогеографиясының өзекті мәселелерін шешуге ықпал етеді.