Торайғыров университетінің машина жасау және стандарттау кафедрасының оқытушылары қосымша кәсіби білім беру аясында «Станкин» Мәскеу мемлекеттік технологиялық университетінде біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Арнайы оқудан кафедраның профессор-оқытушылар құрамынан бес өкіл — Жанара Мусина, Динара Искакова, Руслан Сапинов, Андрей Ткачук және Сергей Миллер өтті. Курстар Siemens Sinumerik және Heidenhain жүйелері бар сандық бағдарламалық басқару (СББ) станоктарында бағдарламалауға арналды.
Біліктілікті арттыру ЖШС «Еуразиялық механикалық зауыттың» қолдауымен, директор И.Г. Атапин және атқарушы директор С.М. Нуркимбаевтың қатысуымен ұйымдастырылды. Оқуды сәтті аяқтаған барлық қатысушыларға біліктілікті арттыру туралы куәліктер табысталды.
Білім беру бағдарламасы аясында «Станкин» ММТУ инжинирингтік орталығының технологиялық полигонына экскурсия ұйымдастырылып, «Машина жасау» бағыты бойынша бейіндік кафедра меңгерушілерімен танысу өтті. Кездесулер барысында ынтымақтастықтың келешегі, сондай-ақ бакалавриат пен оқытушыларға арналған қосымша кәсіби білім беру бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу мәселелері талқыланды.
Оқыту барысында алынған білім мен практикалық дағдылар Торайғыров университеті үшін стратегиялық маңызға ие. Заманауи СББ-жүйелерін бағдарламалау саласындағы оқытушылардың құзыреттерін арттыру оқу бағдарламаларының мазмұнын жаңартуға, оларды өнеркәсіптің нақты талаптары мен қазіргі технологиялық стандарттарға жақындатуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Станкин» ММТУ-нің озық тәжірибесін оқу үдерісіне енгізу машина жасау мамандықтары бойынша студенттерді даярлау сапасын арттыруға, практикаға бағдарланған оқытуды дамытуға және университеттің өндірістік серіктестермен байланысын нығайтуға ықпал етеді. Ұзақ мерзімді перспективада бұл академиялық ұтқырлықты кеңейтуге, бірлескен жобаларды іске асыруға және инженерлік білім беру саласында Торайғыров университетінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.



