Қазақстандағы Erasmus+ бағдарламасының Ұлттық кеңсесі(NEO KZ) қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды басқару саласындағы жоғары білімді дамытудағы Erasmus+ жобаларының ықпалын талқылайтын кластерлік кездесу өткізді. Іс-шара Астана қаласындағы Есіл университетінің базасында өтіп, гибридті форматта ұйымдастырылды.

 

 

Кездесуде Торайғыров университетінің атынан Халықаралық ынтымақтастық орталығының басшысы Бибігүл Ақшулақова сөз сөйлеп, білім беру бағдарламаларын жаңарту, тұрақты даму мен халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жолында жоғары оқу орындарының Erasmus+ жобаларына қатысуының маңыздылығын атап өтті.

 

 

Кездесудің мақсаты аяқталған және жүзеге асырылып жатқан Erasmus+ жобаларының нәтижелерін ілгерілету және тарату, олардың жеке, институционалдық және ұлттық деңгейлердегі әсерін бағалау, жобалар арасындағы синергияны күшейту, желілік өзара іс-қимылды дамыту, сондай-ақ экологиялық білім беру саласындағы болашақ бастамаларға арналған ұсынысдар әзірлеу болды.

 

 

Кездесу қорытындысы бойынша Erasmus+ жобалары оқыту сапасын арттыруға, пәнаралық тәсілдерді дамытуға, цифрлық құралдарды енгізуге және университеттердің әлеуетін нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді. Су ресурстарын басқару, климаттық тұрақтылық, биоалуантүрлілікті сақтау және жасыл технологияларды дамыту сияқты тақырыптарға ерекше назар аударылды.

 

 

Кластерлік кездесу экология және тұрақты даму саласындағы Erasmus+ бастамаларын одан әрі дамытуға бағытталған кәсіби диалог пен ортақ көзқарасты қалыптастыруға арналған маңызды алаңға айналды.