Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі халықаралық күн аясында Торайғыров университетінің базасында жас антикоррупциялық волонтёрлерге арналған семинар-тренинг ұйымдастырылды.

 

 

Іс-шараны «Асыл заман» қоғамдық қоры университеттің Комплаенс-қызметімен бірлесіп өткізді. «Асыл заман» қоғамдық қоры жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениеттін қалыптастыруға және азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған жобаны жүзеге асырып келеді. Семинардың негізгі мақсаты – қазақстандық жастардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша практикалық дағдыларын дамыту, адалдық пен ашықтық құндылықтарын нығайту, сондай-ақ қоғамда парасаттылық қағидаттарын ілгерілетуге азаматтардың қатысуын кеңейту.

 

 

Тренингке Торайғыров университетінің әділ әрі ашық қоғам құруға жеке үлес қосуға мүдделі студенттері қатысты. Бағдарлама аясында нақты кейстерді талдауға негізделген интерактивті блоктар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, қоғамдық бақылау тетіктерімен танысу және мемлекеттік қызметтердің ашықтығын арттыратын цифрлық құралдарды зерделеу қарастырылды.

 

 

Іс-шараның спикері ретінде ISO 37001:2016 сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті жүйесін енгізу бойынша сертификатталған маман Гүлнара Исенова сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында волонтёрлердің ағартушылық қызмет, әлеуметтік бастамалар және қоғаммен өзара іс-қимыл арқылы сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастырудағы рөлін атап өтті.

 

 

Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар қоғамдық және волонтёрлік қызметті одан әрі тиімді жүзеге асыруға арналған практикалық ұсынымдар мен құралдарға ие болды. Аталған іс-шара антикоррупциялық волонтёрлер желісін кеңейтуге, сондай-ақ азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.