Торайғыров университетінің «Психология» білім беру бағдарламасының 1 курс студенті Қалиясқар Разия «Рухтастар» жастар сыйлығының «Жылы жүрек» аталымы бойынша Жыл волонтері болып танылды.



Қалиясқар Разия 2022 жылдан бастап «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенді мүшесі ретінде қоғамдық бастамаларға, әлеуметтік жобаларға және жастар саясатына бағытталған іс-шараларға жүйелі түрде қатысып келеді. 2023 жылы Б. Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде «Жастар Рухы» ұйымының бөлімшесін құрып, оның төрағасы қызметін атқарды.



Торайғыров университетінің студенті Қалиясқар Разия волонтерлік қызметті бірнеше бағытта кешенді түрде жүзеге асыруда. Әлеуметтік волонтерлік аясында балалар үйлеріне, қарттар үйлеріне және аналар үйлеріне көмек көрсетіп, әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталған жұмыстарға белсенді қатысады. Сонымен қатар құқық қорғау органдарымен бірлескен алдын алу іс-шараларына қатысып, қоғамдық көмекші ретінде тәжірибе жинақтады.



Білім беру волонтерлігі шеңберінде 2025 жылдан бастап өмірлік қиын жағдайға тап болған оқушылар мен жасөспірімдерге ағылшын және түрік тілдерінен тегін сабақтар өткізуде. Сондай-ақ Telegram арнасы арқылы оқу-әдістемелік материалдар мен кітаптарды таратып, мектеп пәндері бойынша қосымша білім беру қызметін жүзеге асырып келе жатыр.



Медиа волонтерлік бағытта Қалиясқар Разия «Жастар Рухы» ұйымының аясында өңірлік жастар бастамалары мен әлеуметтік жобаларды насихаттауға арналған фото және бейнематериалдар әзірлейді, қоғамдық маңызы бар оқиғаларды ақпараттық қолдаумен қамтамасыз етеді. Оның мәдени волонтерлік қызметі театрлық қойылымдарды, әдеби кештерді және шығармашылық іс-шараларды ұйымдастырумен ұштасады. Жастардың мәдени және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған тренингтер мен шеберлік сабақтарын өткізуге қатысады, сондай-ақ мобилографияға қызығушылық танытқан жастар үшін тегін оқыту курстарын ұйымдастырады.



Эко-волонтерлік бағытта студент экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған сенбіліктерге, ағаш отырғызу акцияларына және қалдықтарды сұрыптау бойынша ақпараттық-түсіндіру іс-шараларына тұрақты түрде атсалысып келеді.



Торайғыров университеті Қалиясқар Разияны «Жылы жүрек» аталымымен құттықтай отырып, оның жоғары азаматтық жауапкершілігін, қоғамдық белсенділігін және әлеуметтік маңызды қызметін ерекше атап өтеді. Торайғыров университеті ұжымы Разияға алдағы қызметінде табысты бастамалар мен жаңа жетістіктер тілейді.