Торайғыров университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған "Қазақстан достық мекені" диалог алаңы өтті.



Іс-шараның мақсаты Павлодар облысында оқитын шетелдік студенттердің мәдениетаралық өзара іс-қимылын нығайту, диалогты дамыту және қолдау болды.



Кездесуге қатысушылардың қатарында өңірдегі колледждер мен жоғары оқу орындарының шетелдік студенттері, ҚХА және этномәдени бірлестіктердің өкілдері, полиция департаментінің қызметкерлері, сондай-ақ мәдениетаралық коммуникация саласындағы сарапшылар мен педагогтар болды.



Іс-шара аясында студенттерді білім беру және әлеуметтік ортаға интеграциялау, құқықтық сауаттылықты арттыру, жастардың әлеуметтік және мәдени жобаларға қатысуы, толеранттылық мәдениетін дамыту және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды.



Қатысушыларға мазмұнды баяндамалар ұсынылды, атап айтсақ, Павлодар облысы ҚХА төрағасының орынбасары Рамиль Смайылов Ассамблеяның қызметі мен жастар бастамалары туралы айтып берді. ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Бақытжамал Максилова қонақжайлылық дәстүрлерінің маңыздылығын және кеңестің этносаралық бірлікті нығайтудағы рөлін атап өтті. Ақсақалдар кеңесі төрағасының м.а. Василий Рак бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастырудағы еңбекқорлықтың маңыздылығын атап өтті. Павлодар полиция басқармасының жедел уәкілі Аян Ершев заңнаманың негізгі талаптарын және студенттердің қауіпсіздігі үшін құқықтық тәртіптің маңыздылығын түсіндірді.



Диалог алаңы ашық қарым-қатынас алаңына айналды, шетелдік студенттер мемлекеттік органдар мен ҚХА өкілдеріне мазалап жүрген сұрақтарына жауап алып, келешекте тәжірибе алмасуға және өзекті тақырыптар аясында зерттеу жүргізуге мүмкіндік алды.