Торайғыров университетінде Қазақстан Республика ҰҚК Шекара қызметі Павлодар облысы бойынша департаментінің 25 жылдығына арналған «Қазақстанның Солтүстік шекаралары: шекаралық қауіпсіздік теориясы мен практикасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияға университет ғалымдары мен білім алушылары, офицерлер, мемлекеттік органдар мен өңірлік интеллигенция өкілдері қатысты. Іс-шараның мақсаты – елдің шекаралық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелерді талқылау, ғылыми қауымдастық пен арнайы ведомстволар арасындағы өзара әрекеттестікті нығайту, сондай-ақ шекара қызметінің тарихын, қазіргі жетістіктерін және болашақ даму бағыттарын зерттеу болды.
Торайғыров университетінің ғылыми жұмыс және зерттеулерді коммерцияландыру проректоры Нұрлан Ержанов шекаралық қауіпсіздіктің негізгі аспектілері, мемлекет суверенитеті мен территориялық тұтастықтың маңыздылығын атап өтті. Ол университеттің өңірдің құқық қорғау құрылымдарымен ынтымақтастығын жүйелі түрде дамытып, ұлттық және қоғамдық қауіпсіздік саласында ғылыми зерттеулер жүргізетінін, сондай-ақ жаңа мамандарды даярлауға арналған білім беру бағдарламаларын енгізіп жатқанын жеткізді.
Павлодар облысы бойынша Шекара қызметі департаментінің басшысы, полковник Мадияр Жумадилов Торайғыров университетіне кәсіби диалог алаңын ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Пленарлық сессияда Полковник, ПА КНБ РК 9 арнайы кафедрасының аға оқытушысы Гүлжан Джузбаева ұлттық қауіпсіздіктің негізгі аспектілерін қамтитын зерттеулермен таныстырып, жас ұрпақты патриоттық тәрбиелеуде ақпараттық технологияларды қолдану мүмкіндіктерін атап өтті.
Подполковник Айдос Базылбеков жасөспірімдер психикалық денсаулығының алаңдатарлық динамикасына назар аударып, білім беру жүйесі мен құқық қорғау органдарының назарын қажет ететін тәуекел факторлары туралы айтты. Сонымен қатар PhD докторы, Қазақстан тарихы кафедрасының доценті Мади Рахимов тарихи аспектіні қарастырып, жоңғар шапқыншылығы кезеңінде қазақ мемлекеттілігін нығайту шараларын талдап, олардың қазіргі қауіпсіздік стратегияларына маңыздылығын көрсетті. Ал т.ғ.к., профессор Айгүл Турлыбекова қорытындылап, тарихи мұраның Қазақстанның территориялық тұтастығын сақтау мен жалпыұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлін ашып көрсетті.
Ресми бөлімнің соңында Шекара қызметінің ардагерлері мен қызметкерлеріне алғыс хаттар мен түрлі наградалар табыс етілді.
Конференция ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ғылыми және практикалық тәжірибе алмасудың маңызды алаңы болып, көтерілген мәселелер шекара қорғау жүйесін жетілдіруге және жас ұрпақты патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге негіз болады.





