Торайғыров университеті мен «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.



Кездесу барысында ректор Нұрлан Медетов кәсіпорынның бас директоры Владимир Дудинді университеттің миссиясымен, құрылымымен, мүмкіндіктері және ғылыми әлеуетімен таныстырды. Тараптар бірлескен жұмыстың болашақ бағыттарын, кадр даярлау, ғылыми зерттеулер және өндірістік тәжірибе салаларындағы нақты мақсаттарды талқылап, ұзақ мерзімді әріптестікті нығайтуға ниет білдірді.



Меморандум білім бағдарламаларын өндіріс талаптарына бейімдеуді, дуалды оқытуды дамыту, студенттер мен оқытушыларға өндірістік және ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыру, бірлескен зерттеулер мен кәсіби іс-шараларды өткізу, сондай-ақ түлектердің жұмысқа орналасуына қолдау көрсету сияқты стратегиялық бағыттарды қамтиды.



Бұл келісім университетке – білім сапасын арттыруға, студенттерге – нақты өндірістік тәжірибе алуға, ал кәсіпорынға – заманауи талаптарға сай білікті кадрлар дайындауға мүмкіндік береді.

 


Осылайша, Меморандум өңірдің ғылыми-өндірістік дамуына серпін беріп, білім мен өндірісті тиімді біріктіруге бағытталған маңызды қадам болып табылады.