Президент өз Жарлығында Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен басым бағыттарын айқындаған болатын. Осы орайда, Торайғыров университетінде «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау аясында «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» атты пікір алаңы өтті. Іс-шараның мақсаты – жастардың құқықтық мәдениеттін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру.

Торайғыров университеті өңірлік және республикалық деңгейдегі ұйымдармен бірлесе отырып, жас ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыруға, азаматтық мәдениетін нығайтуға ықпал етуде. Аталған басқосуға мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, профессорлық-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қатысты.

Пікірталас алаңының басты спикері «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РБҚ төраға орынбасары, филология ғылымдарының докторы, академик Бейбіт Мамраев жастардың құқықтық сауаттылығы – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы шешуші фактор екенін ерекше атап өтті. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы негізгі жұмыстың бірі – жастардың құқықтық сана сезімін өсіру, дүниетанымын нығайту, көзқарасын қалыптастыру. Келешек маман, яғни бүгінгі жастардың көзі ашық, көкірегі ояу болуы қажет», – деді ол.


Бұл маңызды шараға арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
Николай Арсютин заң үстемдігін құрметтеу мен әділдік қағидаттарын ұстанудың маңызын атап өтті. Ол жастардың азаматтық белсенділігі мен жауапкершілігінің қоғам дамуы үшін ерекше рөл атқаратынын жеткізді.


ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Галиасқар Қасымов өз сөзінде университеттің қоғамдық даму мен ұлттық қауіпсіздік саласындағы стратегиялық маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, университет – болашақ мемлекеттік қызметшілер, экономистер, банкирлер, депутаттар білім алатын орта, сондықтан мұнда қалыптасатын құндылықтар ертеңгі мамандардың кәсіби деңгейі мен жауапкершілігін айқындайды.

«Бүгінгі таңда біз насихаттап жүрген қағидаттар - адалдық, жауапкершілік және заң талаптарын құрметтеу – болашақ кадрлардың сапасына тікелей әсер етеді. Бірлескен күш-жігер арқылы осы құндылықтар басымдыққа ие болатын қолайлы орта қалыптастыра аламыз деп сенемін. Осыған байланысты университет базасында қаржылық мониторинг кабинетін ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Галиасқар Қасымов.

Торайғыров университетінің Комплаенс-қызметінің басшысы Жанна Матенова мен Экономика және құқық факультетінің деканы Юрий Колесников университеттегі комплаенс жүйесінің қызметін жан-жақты таныстырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бағытында жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстар туралы кеңінен баяндады. Олар комплаенс тетіктерінің тиімділігін арттыру, ашықтық пен есептілікті күшейту, сондай-ақ білім беру ортасында адалдық мәдениетін дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталды.

Пікір алмасу барысында қатысушылар білім беру мекемелерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы рөлі, жастарды құқықтық тәрбиелеудің тиімді тетіктері және азаматтық жауапкершілікті нығайту мәселелерін талқылады. Өз кезегінде жастар қоғамдағы әділдік пен заңдылықты нығайту жолындағы шаралар бойынша өз пікірлерін ортаға салды.