Торайғыров университетінде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен "Тарихтан тағылым – өткенге тағзым" атты тақырыптық кездесу өтті.

Өздеріңіз білетіндей, 31 мамыр - Қазақстан тарихының ең қайғылы кезеңдерінің бірі - миллиондаған адамдардың өліміне әкеп соққан жаппай саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықты еске алу күні.

 

Қуғын-сүргін тарихын зерделеу, қуғын-сүргінге ұшырағандардың есімдерін іздеу және оларды ақтау жөніндегі жұмысқа Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық етті. Бұл тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, халқымыздың бірлігін нығайту, гуманизм мен заң үстемдігі қағидаттарына негізделген қоғам құру мәселесі.

 

- 31 мамырда біз аштық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске аламыз. Қазақ зиялылары, діни қызмет өкілдері және тағы басқалары ХХ ғасырдағы қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Қазақстан тарихи отанынан алыс жерге түрлі себептермен жер аударылған мыңдаған адамдар үшін баспанаға айналды. Бірнеше жыл бойы қазақстандық ғалымдар, этнографтар мен мұрағатшылар қуғын-сүргін құрбаны болғандардың есімдерін іздеу және ақтау жұмыстарын жүргізіп келеді. Олардың қатарында  Торайғыров университетінің өкілдері де бар, - деп атап өтті ЖОО ректоры Еркін Садықов

 

Кездесуде Павлодар облысы Мемлекеттік мұрағатының сарапшылары, Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері және университет ғалымдары баяндама жасады.