Торайғыров университетінде еңбек нарығында сұранысқа ие және өзекті бағыттар бойынша 12 инновациялық оқу бағдарламасы әзірленді. Олардың қатарында машина жасау мен реверс-инжиниринг, өнеркәсіптік робототехника және автоматизация, металлургия және рециклинг, технологиялық құралдың предиктивтік диагностикасы, энергоменеджмент, урбанистика және аумақтарды дамыту, биология және кинезиология, агроэкология, көліктік инженерия және автотроника, табиғи энерготасымалдаушылар, мұнайхимия өнімдері мен полимерлердің технологиясы, азық-түлік инжинирингі және технологиялық нутрициология, блокчейн-инженерия бар.

 

 

 

 

Айта кетейік, 2022 жылы Торайғыров университеті еліміз бойынша алғашқы екі инновациялық бағдарламаны бірінші болып іске қосқан алғашқы жоғары оқу орны атанды. 
- Нәтижесінде жоғары оқу орнының портфелінде 200-ге жуық бағыт болады. Оның 12-сі – жаңа. Олар Жаңа мамандықтар атласы бойынша әзірленген. Осылайша, біз университетімізде бәсекеге қабілетті және өзекті мамандық бойынша білім алуды ұсынамыз. Инновациялық білім беру бағдарламасын табысты жүзеге асырудағы шарттардың бірі – оқу үрдісіне аймақтың ірі кәсіпорындары, шағын және орта бизнес субъектілерінің араласуы. Себебі, болашақ түлектеріміздің бір бөлігі осы кәсіпорындарда жұмыс істейді, - дейді жоғары оқу орнының ректоры Еркін Садықов. 
Инновациялық бағдарламалардың пәндері шетелдік ЖОО-серіктестердің оқу жоспарларымен келісілген. Бұл – басты ерекшелік. Студенттер негізгі (major) және қосымша (minor) бағдарламалар бойынша микробіліктілікті оқу үрдісі барысында серіктес кәсіпорынмен таңдай алады. Ал дуалды білім алу мен студентті ерте  жұмысқа орналастыру, жобалық оқу мен серіктес кәсіпорындардың кейстері бойынша оқуға өту арнайы пәндер деңгейінде жүргізіледі.