Коллегиялық органның қатысушылары университеттің жаңа оқу жылына дайындығын талқылап, кеңестің жаңарған құрамын бекітті. 

 

Жұмыс отырысы салтанатты шарадан басталды. Торайғыров университетінің басшысы Еркін Садықов ЖОО ардагерлеріне құрмет грамоталарын тарту етті. Құрметке ие болғандардың қатарында металлургия кафедрасының меңгерушісі Мерхат Сүйіндіков, машина жасау кафедрасының жетекшісі Ғалия Итыбаева және жылу энергетикасы кафедрасының меңгерушісі Александр Никифоров болды. Сонымен қатар, Конституция күніне орай ректор атынан 12 маман мақтау қағазына ие болды. Еркін Садықов облыс әкімі, аймақтық мәслихат пен «Amanat» партиясы облыстық филиалы атынан құрмет грамоталары мен алғыс хаттарды табыс етті. Университет ректоры  ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Нұрлан Ержановты 60 жылдық мерейтойымен құттықтады. 

Кейін ғылыми кеңес мүшелері университеттің жаңа оқу жылына дайындығын талқылады. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша KPI және өзге де мәселелер туралы әңгіме қозғалды. Ректор бүгінгі таңда оқу орнының алдында білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру, жастардың білім алып, ел игілігіне еңбек ету керектігін еске салды. 

Кеңес мүшелері коллегиялық органның ішіндегі ротация мәселесін қарастырды. Ұзақ жылдар бойы кеңес хатшысы болған Нелли Пфейфер бұл қызметін босатуды шешті. 

- Біздің ғылыми кеңес көптеген мәселелерді талқылауда материал әзірлеу бойынша жақсы көрсеткіштерге ие. Бұл бірінші кезекте Нелли Эмилевнаның еңбегі. Оның кәсіби шеберлігі мол, ұйымдастырушылық қасиеттеріне де баршамыз куә болдық. Әрқайсымыз Нелли Эмильевнадан үлгі аламыз деген ойдамын, - деді Еркін Садықов. 

Хатшы лауазымына қауымдастырылған профессор Әйгерім Шаһарман тағайындалды. Филология ғылымдарының кандидаты 20 жыл бойы университетте еңбек етуде, «Үш тұғырлы тіл» кафедрасында сабақ береді.