Торайғыров университетінде «XIII Торайғыров оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы  аяқталды.

С. Торайғыров шығармашылығының көпаспектілі тақырыптарын талқылауға филология, саясаттану және философия саласының отандық сарапшылары мен болгариялық ғалымдар жиналды.

Университет ректоры Еркін Садықовтың айтуынша, университет Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мұрасын сақтау бойынша ауқымды шараларды қолға алған.

Сол жобалардың бірі – «Сиқырлы Торайғыр». Жоба аясында университет Торайғыр ауылын қамқорлыққа алған. 18 бағыт бойынша атқарылатын жұмыс шеңберінде шетелдік аудиторияға жерлесіміздің шығармашылығы таныстырылуда.

Сонымен қатар, жуырда «Сұлтанмахмұт» энциклопедиясының тұсауы кесілді. Жаңа басылымға 2000-ға жуық мақала, оның ішінде 100 мақала мен бұрын-соңды жарық көрмеген төрт шығарма енді. Сонымен қатар, университет күшімен Баянауыл ауданы Торайғыр ауылындағы музей кешенінің реэкспозициясы жүргізілді.

13-ші Торайғыров оқуларына жеті басым бағыт бойынша 400 мақала қабылданды.

Конференция барысында ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы фильмнің тұсауы кесілді.

Конференция Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның концерттік бағдарламасымен аяқталды.