Торайғыров университеті жобаны «Бизнес Ертіс» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асыруда.

Орталықтың концепциясы - тұлғаны кешенді дамыту, hard & soft skills-ке оқыту, спорт пен салауатты өмір салтына баулу.

Орталық Торайғыров университетінде орналасқандықтан, оқу орнының балалары үшін ыңғайлы.

 

«Биылғы жылы үй карантині мен онлайн-білім алу үдерісі төменгі сынып оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілерінің оқу үлгеріміне әсер етті. Біздің университетте жоғары сынып оқушыларына арналған Junior мектебі бар. Енді орталықтың шекарасын кеңейтіп, 6-12 жас аралығындағы балаларды да қамтимыз», - дейді ұйымдастырушылар Марьям Крыкбаева және Самал Антикеева.

Орталық мамандары мектеп пәндерін игеруге көмек көрсетумен қатар, күнделікті өмірде және кәсіби салаларда қажетті дағдыларды меңгеруге қолғабыс жасамақ. Балалар өнер, аспаздық және музыка бойынша шеберлік сағаттарына қатысады.

 

Орталықтың ашылу салтанатына Торайғыров университеті ректорының м.а. Нұрлан Ержанов, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Сағыныш Нұрқымбаев және қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Қуаныш Қыдыралин қатысты.

- Торайғыров университеті - Павлодар облысындағы жоғары білім беру бойынша көшбасшы оқу орны. Білім беру қызметі мен студенттер саны бойынша алдыңғы қатарда. Университет заман ағымынан қалыс қалмай, перспективті трендтерді қолға алып, жобаларын жүзеге асыруда. ToU-Junior дағдылар мен даму мектебі - соның дәлелі. Бұл - өте өзекті жоба. Балалардың болашақ мамандықтарын таңдауға әсер етеді» - дейді С. Нұрқымбаев.