С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің кітапханасында танымал фотограф Дмитрий Поликарпович Багаевтың 135 жылдығына орай өңір өлкетаушылары мен тарихшылармен кездесу өтті.

Жиналған қауымның назарына «Запечатленное время» атты кітап-альбом ұсынылды. Вера Болтина, Людмила Шевелева мен Татьяна Покидаеваның ортақ кітабы мұрағаттық құжаттар негізінде дүниеге келді. Бірегей туындыда фотосуретшінің өміріне қатысты сирек деректер, оның шығармашылық жолына қатысты ақпараттар мен көптеген фотосуреттері жинақталды. Суреттердің ішінде бірінші рет жарық көрген туындылар баршылық.

Өлкетанушы, Павлодар қаласының құрметті азаматы және Қазақстанның мәдениет қайраткері Эрнест Соколкин кей фотосуреттердің тарихы туралы айтып берді.

Дмитрий Багаевтың фотолары – Ертіс өңірінің фотошежіресі. Ол көзі тірісінде ел аралап, халықтың тұрмысын суретке түсірді. Фотографтың шығармалары өткен дәуірді жеткізе білді. Революцияға дейінгі Павлодар, азаматтық соғыс, тұз алушылардың жұмысы, Кеңес билігінің келуі, ашаршылық пен ұжымдастыру. Бұл тарихи кезеңдердің барлығы Д. Багаевтың шығармаларында көрініс тапты.