С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Стартап академиясы осы оқу жылындағы алғашқы Startup Weekend шарасын өткізді.

Шара қорытындысы бойынша 40 қатысушының 18 жобасы ақтық мәреге өтті. Үздік үш стартап үздіктердің үздігі атанды.

Бірінші орынға AR технологиясы арқылы мектеп пәндерін оқытудың «ARedu» жобасы ие болды. Екінші орын сынған шыныларды қайта өңдеу және шыны бұйымдарын жасау жобасына бұйырды. Үшінші орын тұғырынан смартфонның көмегімен баспананы бақылауға мүмкіндік беретін «Smart bell» қосымшасының авторлары ие болды. Ұялы елефонға арналған қосымшаның көмегімен үйге келген адамға қашықтықтан есік ашып, кімнің келгенін білуге болады. Қызықты идеялардың авторларына ноутбуктер мен айпадтар тарту етілді.

Ал Стартап академия тарапынан мақұлданған бірқатар жоба авторларына жүзеге асыруға мүмкіндік берілді. Олардың қатарында бағасы қолжетімді 3-D принтерлерді өндіру, адамның жүзіндегі ым-шараларды анықтайтын айпадтарға арналған ойын бар.

Шара Павлодар облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен Павлодар қаласының «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның мұрындық болуымен ұйымдастырылды.