Баянауыл ауданындағы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кесене-кешенінде ақын, ойшыл, ағартушы-ғалымның 160 жылдығына арналған мерекелік шаралар ұйымдастырылды.

Ескелді шатқалында 35 киіз үйден құралған ауыл бой көтерді. Мерейтойға бес мыңнан астам қонақ жиналды. Мерекелік шараға облыс әкімі Болат Бақауов, өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шара шеңберінде танымал мәшһүртанушы-ғалымдар, тарихшылар мен әдебиеттанушылар бас қосты.

Құрметті қонақтардың қатарында профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Мерует Әбусейітова, жазушы Ғалым Жайлыбай, сонымен қатар, филос.ғ.д, профессор Аяжан Сағитқызы болды.

Бұл күні Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің қолжазбалары жинақталған 20 томдық еңбек пен жазушының ел басқарған хандар, билер мен батырларға арналған туындыларының үш томдық жинағы жарық көрді.

Бағдарлама аясында меймандар назарына Алматы қаласындағы ғылымдар Академиясында сақтаулы 14 құнды қолжазба ұсынылды. Этноауыл қонақтары ақындар айтысын тамашалар, ұлттық тағамдардан дәм татты.

Шара «Көне ғасыр күмбірі» атты жыршы-термешілер арасындағы республикалық байқаумен аяқталды.

Фото Валерий Бугаев 

Булбул Асаева