С. Торайғыров атындағы ПМУ-дің сарапшылары мен ғылыми қауымдастығы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жоба аясындағы жаңа мүмкіндіктерді талқылады.

Саясаттану, әлеуметтану, философия, дінтану, лингвистика, кәсіпкерлік, экономика, менеджмент салалары бойынша, сонымен қатар, психология және көшбасшылық мәселелерін қарастыратын кітаптар алғашқы 18 басылымның қатарына енді. 

ҚХА Павлодар облыстық хатшылығының меңгерушісі Сейсембай Жетпісбаев 100 оқулықтың басылып шығарылуы қазақстандық білім беру саласындағы айтулы оқиға екенін атап өтті. Сонымен қатар, білім берудің сапасын әлемдік деңгейге көтеруге оң септігін тигізеді. 

С. Торайғыров атындағы ПМУ-дің даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, саясаттану ғылымдарының докторы Арман Ақышевтың айтуынша, бүгінгі заманда бәсекеге қабілетті ұлт болып қалыптасу үшін гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар  саласындағы білім деңгейін жаңғырту қажет. 

Шара қатысушылары жобаның стратегиялық маңыздылығына тоқталып өтті. Бұл жоба жастардың гуманитарлық ғылымдарға қызығушылығын арттырып, ғыыми әдебиет қорын байытады, сонымен қатар, тілімізді халықаралық ғылым лексикасымен толықтыра түседі.