«Кино как исторический источник» киноклубының кезекті отырысы С.Торайғыров атындағы ПМУ-да болып өтті. Қатысушылар көрнекті режиссер Александр Прошкиннің «Холодное лето пятьдесят третьего…» (1987 ж.) филмін тамашалады.

Бұл туынды Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Анатолий Папановтың (1922-1987) туғанына 95 жыл толуына сәйкес таңдалып алынды. Өйткені, ол осы кинода басты рөлде ойнаған болатын. Бұл фильм Анатолий Дмитриевичтің өміріндегі ең соңғы ойнаған киносы болды.

Фильм тоталитарлық режимнің құрбандары мен тыңшылық жасады деп жала жабылған «халық жауларына» арналады. Киноклуб өкілі Аслан Азербаевтың сөзінше, фильм кеңестік кезінде кинематографистердің үлкен қызығушылығын тудырып, тарихшылардың көңілінен шыққан.

«Бұл картина қайта құрудың идеологиялық және оппортунистік тыйымдардың салдарынан бұрын айтылмаған мәселелерді жариялауға мүмкіндік берді. Қайта құру жылдарында «тоталитаризм», «сталинизм», командалық-әкімшілік жүйе, ГУЛАГ және т.б. сияқты ұғымдар ашық айтылды », - деді Аслан Дыбысбекұлы.

Қатысушылар атап өткендей, фильм трагедияға толы, сонда да оны көрген дұрыс. Себебі, тарихи туындыдан көрермендер көп сабақ алуға болады. Ең бастысы – өмірде қандай жағдай болса да адамдық қасиеттен айырылмау керек.