Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері қаланы көріктендіру және абаттандыру жұмыстарына қатысты. Жастар өз қолдарымен ағаш отырғызып, аймағымыздың көгалдануына үлес қосып қана қоймай, жас ұрпақ үшін нағыз тәрбиенің қайнар көзі екенін көрсетті.

Агротехнология факультетінің өкілдері осы күні балалар үйінің аумағына 70 түп көшет отырғызды. Аумақты көгалдандыру шарасына студенттермен қатар мектеп оқушылары да қызығушылық танытып, өз үлестерін қосты.

Агро-технологиялық факультеті деканының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, доцент Жастілек Уахитовтың пікірінше, шара «Сүйікті alma mater» акциясының аясында ұйымдастырылған.

«Біздің түлектер қарағай көшеттерін сыйға тартты, біз мұны көмек ретінде балалар үйінің аумағына отырғызуды шештік. Біз өз өңіріміздің көріктенуіне үлес қосуымыз маңызды. Мұндай шараға жастардың қатысқаны өте дұрыс. Олар шын ниеттерімен жұмыс істеді. Әрқайсысы өздері отырғызған ағаштарды естеріне сақтап алды. Мұндай ерекше сәт көпке дейін ұмытылмасы анық», - дейді Жастілек Жұмабекұлы.

Қалған көшет металлургия, машина жасау және көлік факультетінің аллеясына отырғызылды.