С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Республиканың жоғары оқу орындары мен колледждерінің бағдарламашы студенттері арасында «Хакатон» республикалық байқауы өз мәресіне жетті.

«Хакатон» – қойылған міндеттер мен мақсаттарды қысқа уақытта жүзеге асыруға бағытталған бағдарламалаудың марафоны. Бір топқа бағдарламашы, дизайнерлер мен менеджерлер топтасып, сынға түсті. 

С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің ректоры, с.ғ.д., профессор Арын Өрсариев қатысушыларға өз сөзін арнады:

«Сіздер, бүгінгі күннің жастары,  нәтижелі IT-жобаларды жасау үшін коммуникациялық алаңдарды ұйымдастыра отырып, болашақ IT-мемлекетті дамытуға зор үлес қоса аласыздар. Сіздер қазақстандық қоғамның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына әрі 21 ғасырда қуатты және көркейген  мемлекетті құру үшін Қазақстанда ашық ақпараттық орта құрудың жолдарын көрсете аласыздар деп сенемін», – деді Арын Амангелдіұлы.  

Жас бағдарламашылар бір тәуліктің ішінде EXPO-2017 көрмесі бойынша жолнұсқалық мобильді қосымша жасап шығаруды көздеді.

Үшінші орынды Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері иеленді. С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттері «KAYDA»  атты мобильді қосымшасын жасап, екінші орынға жайғасты. 

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жас бағдарламашыларының жобалары үздік деп танылып, жеңімпаз атанды.