С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде 11 сынып оқушыларының арасында ректор гранты сарапқа түскен «PSU VOICE» алғашқы облыстық байқау-фестивалі өтті.

Финалға қатысқан 15 қатысушы сахнада дауыс иірімдері мен шеберліктерін көрсетіп, әнсүйер қауымды орындау өнерімен таңқалдырып, шаттыққа бөледі.  

Әділқазылар алқасы жас әншілердің вокалдық қабілеттерімен қатар, орындау техникасы мен сахнадағы әртістік шеберліктерін де сынға алды. Байқау соңында үш үшінші, үш екінші, екі бірінші және бас жүлде иелерін тапты. 

Баянауыл ауданынан келген Мөлдір Майбас, екібастұздық Әсел Жүсіпбаева, павлодарлық Ансат Топанов үшінші орынды еншіледі. Ал, Айша Гайниахметова, Татьяна Михайлова, Айдана Курашева әндерін нақышына келтіре орындап, көрермендердің көзайымына айналды да, бәйгенің күміс жүлдесін жеңіп алды. 

Нұрлан Ерболов пен Айжарқын Жакенова өз өнерлерімен жиылғандардың қошеметіне бөленіп, екеуі өзара бірінші орынды бөлісті. 

Ал, дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебінің оқушысы Алуа Жаукенова ән кешінің жұлдызы атанып, С. Торайғыров атындағы ПМУ ректорының «Музыкалық білім» мамандығы бойынша грантының иегері атанды. 

Музыкалық жоба керемет мерекеге ұласып, өнерпаздар тыңдармандарға тамаша көңіл-күй сыйлады. Жас дарын иелерінің жұлдызы жанып, барлық қатысушылар жеке аталымдар бойынша ескерілді. 

Орындаушылық өнер кафедрасының оқытушысы Жанел Абдалимованың айтуынша, байқау жуық арада еліміз бен шетелдің саханасында өнер көрсететін Қазақстанның болашақ жаңа әншілер ұрпағының шығармашылық мүмкіндіктерін сынады.