С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Gap year» бағдарламасына қатысушы студенттер қонақ болды.
Жастар тобының саяхатын Павлодар облысытық Қазақстан жастар одағы ұйымдастырды.
Шетелдік қонақтар қатарында Норвегия, Дания, АҚШ, Бразилия және Оңтүстік Корей мемлекеттерінің жасөспірімдері болды.
Қатысушылар өз елдерінде оқуларынан демалыс алып, яғни, өздеріне «Gap year» жариялап, жер жаһанды аралап, өзге елдердің мәдениеті мен дәстүрімен танысып, жер көреді, ел біледі.
«Түлектердің мұндай саяхатының мақсаты – өмірлік тәжірибе алып, көзқарастарын кеңейтіп, ересекше өз бетімен өмір сүруге дайындалу. Менің ойымша, бұл өте жақсы ой. ПМУ студенттерінің әралуан мәдени ортадағы әңгімелесуі әсерлі де қызықты өтті. Мұндай кездесулер студенттердің тілдік қабілеттерінің ұшталуын және жоғары оқу орындарындағы мәдени ортаға сіңіп кетуін қамтамасыз етеді. Жас қонақтар мәдениеттердің өзара байланысына қызығушылық танытты», – дейді халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы, п.ғ.к., қауымд. профессор Ақмарал Қайырбаева.
Меймандар Ертіс жағасындағы шаһармен танысуға екі апта уақыттарын бөліпті. Жастардың айтуынша, оларға Павлодар қаласы ұнады, әсіресе трамваймен қала аралау әсерлі болған. Сондай-ақ, олар ПМУ-нің стартап академиясында болып, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің жобаларымен танысты. Жас қонақтар адамзатқа өз пайдасын беруді бастаған және бүгінгі күні қолданыстағы бизнес жобалардың креативттілігін жоғары бағалады.
Малет есімді студент Норвегияда тіс дәрігері мамандығы бойынша білім алады екен. Ол оқуынан демалып, саяхатқа шығып кетіпті. Малет қазақ халқының ақжарқындығы мен қонақжайлылығына разы. «Қазақстанда танысқан адамдар – өте ашық, кең пейілді және көмекке келуге даяр жандар. Біз осында келместен бұрын, Gap school-да үш айлық оқу курсынан өттік. Нақты біздің топ әр елдердегі мәдениет ерекшеліктерін игеруге бағытталған. Қазақстан біздің алғашқы аялдамамыз, біздің келесі баратын мемлекет – Қытай», – деп бөлісті ойымен жас қонақ.