Жуырда С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Golden Voice» облыстық студенттік ән байқауы өз мәресіне жетті.

Байқауда талантын дәлелдеуге жетпіске жуық жас өнерпаздар ниет білдірді. Дегенмен, ән бәйгесінің финалдық кезеңінде «Алтын дауыстың» иегері атану үшін он үздік жас әнші сынға түсті. Қатысушылар үшін студенттер мен С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің ректоры, с.ғ.д., профессор Арын Өрсариев бастаған әділқазылар алқасының көңілінен шығу оңайлыққа түспеді.

Көрерменнің көзайымына іліккендер көп болғанымен, «Алтын дауыс» иегері атану біреуге ғана бұйырған. «Foundation» факультетінің білім алушысы Тілек Мағұлов байқаудың бас жүлдесін жеңіп алып, алтын дауысты әнші атанды. 

Ал, бірінші орын С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің гуманитарлық-педагогикалық факультетінің студенті Зумират Смағұловаға бұйырды. Өз өнеріміен көпті таңқалдырған Гүлнұр Жақанова екінші орын иегері атанды. Үшінші орынға және байқау демеушілері дайындаған арнайы сыйлыққа Аида Бақтияр қол жеткізді. 

«Концерт кезінде тек тірі дауыс әрі шынайы эмоциялар болды. Қатысушылардың көбісі музыка саласында өнерлерімен танылған әншілер. Нағыз вокалшының дарыны мен харизмасын байқау үшін бір нотаның өзі жеткілікті. Біз өте мінсіз вокалдық қабілетті іздеп қана қоймай, қатысушылардың шынайылығы мен энергетикасына да мән бердік», – дейді қазылар мүшесі, «Ертіс жұлдыздары» вокалдық студиясының жетекшісі, PhD доктор, С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің қауымд. профессоры Нелли Пиговаева.